Сөзбен шектелмейді: C5+O.N.E. арқылы ғылымға қадам басқан көшбасшы
Оксана Белоножкинаның өмір жолы — ағылшын тілін білу жас мамандарға ғылым мен көшбасшылық салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын әсерлі мысал.
Оксана Каспий теңізінің жағасында орналасқан, геологиялық мұрасы мен рухани төзімділігімен танымал Маңғыстау өңіріндегі Ақтау қаласында өсті. Оның өмірлік көзқарасы мен болашаққа ұмтылысына туған жері мен қоршаған ортасы үлкен әсер етті. Бала кезінен ол жердің құпиясын ашып, ғылым мен еліне пайда әкелетін жаңалықтар жасауды армандады. Оның мақсаты нақты болды: ғылым, көшбасшылық және прогресс тоғысқан жолда болу.
Оксана ағылшын тілін меңгеру — халықаралық ғылыми ортада жетістікке жетудің маңызды шарты екенін ерте түсінді. Алайда бірнеше жыл бойы ресми түрде оқығанына қарамастан, академиялық және көшбасшылық сияқты маңызды салаларда өз ойын анық әрі кәсіби түрде жеткізуге сенімділігі жетіспейтін.
«Ағылшын тілін көп жылдар бойы оқысам да, әсіресе ғылыми және көшбасшылық ортада өз ойымды еркін жеткізе алмайтынмын, — деп еске алады Оксана. — Қателесіп қалам ба, кәсіби деңгейде сөйлемей қалам ба деп қорқатынмын».
Бұл қиындықты жеңу үшін Оксана 2023 жылдың қыркүйегінде C5+O.N.E. (Opening Networks through English) бағдарламасына қосылды. Бұл — АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі бюросы қолдайтын өңірлік бастама. Бағдарлама Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік мекемелерден, азаматтық қоғамнан және жеке сектордан шыққан ерте және орта деңгейдегі мамандардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға бағытталған. Дегенмен, ол дәстүрлі тіл үйрету тәсілінен әлдеқайда ауқымды: бағдарлама өңірлік байланыстарды нығайтып, Орталық Азия мамандары мен АҚШ сарапшылары, мекемелері және желілері арасында тұрақты қарым-қатынас орнатады. Бұл жас мамандардың жаңа буын көшбасшысына айналуына ықпал етіп, өңір мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастық пен ортақ дамуға жол ашады.
Оксана бағдарламаға бар ынтасымен кіріскен қатысушылардың бірі болды. Геология саласындағы мықты білімі мен кәсіби даму жолындағы нақты мақсаты оған сабақтар мен бірлескен оқу іс-шараларына толықтай беріле қатысуға мүмкіндік берді. Уақыт өте келе өзгеріс тек тілдік қабілетінде ғана емес, ой-санасында да айқын сезілді.
«C5+O.N.E. бағдарламасы менің ағылшын тіліне деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Мен өзімді студент ретінде емес, кәсіби маман ретінде еркін әрі сенімді сөйлей бастадым. Бұл бағдарлама өзімді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беріп, әлеммен өз біліміммен бөлісуге қажетті дағдыларды үйретті», — дейді ол.
Оның табандылығы өз нәтижесін берді. Оксана беделді «Болашақ» стипендиясын жеңіп алып, Ұлыбританиядағы «Мұнай геонаукасы және энергетикалық көшу» магистратура бағдарламасына қабылданды. Қазақстан бойынша мыңдаған үміткерлердің арасынан ол тек ғылыми білімімен ғана емес, C5+O.N.E. бағдарламасы арқылы айтарлықтай дамыған ағылшын тілінде қарым-қатынас жасау қабілетімен де ерекшеленді.
«C5+O.N.E. маған тек ағылшын тілін ғана емес, әйел, ғалым және көшбасшы ретінде өз орнымды тауып, сенімді сөйлеуді үйрендім. Бұл бағдарлама мені тілдік жағынан да, рухани жағынан да дайындады. Мен IELTS балымды жақсарттым, мықты мотивациялық хат жаздым, және ең бастысы — осындай мүмкіндікке лайық екенімді сезіне бастадым».
Оксананың жолы көрсеткендей, егер жастарға қажетті құралдар, қолдау және олардың әлеуетіне деген сенім берілсе, олар тек табысқа жетіп қана қоймайды — олар көшбасшылық жолын бастайды.
«Менің оқиғам жастарға, әсіресе өңірлерден шыққан қыздарға шабыт берсе екен деймін: өзгеріске үлес қосу үшін үлкен қалада дүниеге келудің қажеті жоқ», — дейді Оксана.
Ол «ҚМГ Инжиниринг ҚазҒЗЖИмұнайгаз» ЖШС-де геология бойынша сарапшы болып жұмыс істейді. Оксана геология мен энергетика бағытындағы ұлттық жобаларды басқаруды және бұл салада еңбек жолын енді бастаған жастарға, әсіресе қыз-келіншектерге арналған оқыту мен менторлық орталығын ашуды армандайды. Оның мақсаты — Қазақстанда ғылымды, жастардың әлеуетін дамыту мен энергетикалық инновацияны біріктіретін экожүйе құру.
C5+O.N.E. сияқты бағдарламалар арқылы АҚШ үкіметі жаңа буын мамандарын қалыптастыруға ықпал етуде — бұл тек ағылшын тілін жетік меңгерген емес, сонымен қатар өз ойын сенімді жеткізе алатын жастар. Мұндай бастамалар жастардың өзіне деген сенімін арттырып, өңірлік байланыстарды нығайтып, АҚШ-тың кәсіби әріптестік желілерімен тығыз байланыс орнатуға жол ашады. Бұл Орталық Азия мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен ортақ дамудың берік іргетасын қалайды.
Бітіріу салтанатының естелік сәті: қатысушылар және АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблум. Фото Оксана Белоножкинаның жеке мұрағатынан алынған.
Сертификат табыстау сәті: Оксана және АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қоғамдық дипломатия офицері Тимоти Гибсон. Фото Оксананың жеке мұрағатынан.